Ренессанс стилінің антикалық дәуірдегі көркемдік ізденістерден айырмашылығы

Жаңғыру дәуірін (З. Серікқалиев «жаңғырту дәуірі» деген) зерттеушілер үш кезеңге бөліп қарастырады: проторенессанс (ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасыр), ерте ренессанс (XV ғасыр), жоғары ренессанс (XV ғасырдың соңынан 1530 жылға дейінгі уақыт) және кейінгі ренессанс (XVI ғасырдың соңына дейінгі кезең).

Әрине, бұлайша бөлудің өзі тұрақты тұжырым деп айта алмаймыз. Өйткені кейбір зерттеушілер жаңғыру дәуірінің басталуын әртүрлі деректерге сүйене отырып әрдайым алға жылжытуға тырысып келеді. Сосын жаңғыру дәуірі деген ұғымның тек Батыс Еуропалық мәдениетке қатысты ғана қолданылып келе жатқаны да жасырын емес.

Ал жаңғыру (немесе қайта өрлеу, ояну) деген ұғымды қалай түсінуге болады?

Біріншіден, ол дәуірдің адамдарының санасында әлем бейнесі түбірімен үлкен өзгерістерге түсті. Ол өзгерістер ғылыми шығармашылық пен көркем шығармашылықта, өмір бейнесін жасауда, жаңа мінез бен діл қалыптастыруда айқын көрініс берді. Жаңғыру дәуіріндегі өнерде ренессанс жеке көркемдік стиль ретінде бекіп, тұрақтанады. Ол дәуір тәжірибелер мен эксперименттер жасаумен ғана ерекшелініп қойған жоқ, ол өзіне ғана тән көркемдік идеалды тудырып, жасап, өмірге батыл енгізе алды. Бұл айнала қоршаған ортаны тану, өмірді тану, адамның өзін-өзі тану жолындағы құштарлығынан пайда болған ерекше кезең болды.

Өнертанушы ғалым З. Серікқалиев жаңғыру дәуіріне қысқаша былай баға береді: «Ал «Возраждение» дәуірінің жалпы сипатына келсек, ол тек ежелгі мәдениетке мирасқорлық, ұмытылған өркениет мұраларының игі дәстүрлерін қайта жандандыру, өткен үлгілерді қайталау ғана емес, сол көне және кейінгі рухани қорлар тоғысынан қуат алып, тыңнан бой түзеу, гүлдену. Нағыз жаңғыру еліктеу, еске түсірумен айқындалмайды. Леонардо, Микеланджело қадым заман ұлыларының қайта бір оралған көшірмесі де емес. Солардың ізбасар шәкірттері болып бастап, олар мүлдем жаңа сапаға айналып кеткен».

Ренессанс стилінің антикалық дәуірдегі көркемдік ізденістерден қандай айырмашылық бар дегенге келер болсақ, жаңғыру дәуірінде жеке тұлға мәселесі айшықталып, алға шықты. Антикалық дәуірдегі портреттерде бейнеленген адам кім деген сұраққа жауап табу қиын, «ол әншейін біреу ғана еді», оның ешқандай мәні де болған емес, ал жаңғыру дәуіріндегі портреттерде адам бейнесі барлық жағдайда бет әлпетінің ерекшеліктерімен анық та айшықты салынатын болды, көбінесе керемет сұлу кескіндер бейнеленді, кейде қарапайым адам келбетінің өзінен терең мазмұн танылатын, өзіне ғана тән мінезі ашылатын, көбіне тұңғиық терең сезімдердің сыры жұмбақ күйінде жасырын қалатын. Әр туындыдан шығармашылық тұлғаның еркіндігінің иісі аңқып тұратын.

Ренессанс дәуіріндегі ескерткіштердің бәрінен биік рух пен нәзіктік, мифологизм мен демифологизм, реализм мен фантастика, көкке тән биіктік пен жерге тән төмендік, ерік бостандығы мен ғарыштық тәртіп, антикалық пен христиандық қайшылықта араласып келіп отыратынын анық аңғаруға болады. Сол дәуірдің философы Пико делла Мирандола (1463-1494) былай деп жазды: «Мен ескі көктің ұлы етіп жаратқан жоқпын, сонымен қатар жерде өмір сүресің, өлмейтін де емессің, сен өз ұятыңа орай өзің жаратушы болдың, өз бейнеңді де өзің сомдап шықтың. Соған хайуан дәрежесіне дейін құлдырауға да, құдайға жақын деңгейге дейін көтерілуге де мүмкіндік берілген. Ол тек қана сенің іштейгі ерік-жігеріңе байланысты», – деген сөздері сол кезеңнің бағдарламасына айналған еді.

Батыс Еуропа ренессансы антикалық мәдениетті өздерінің бағдары етіп ұстанды. Ол дәуірдің «ояну», «қайта өрлеу», «жаңғыру» деп аталуының себеп- салдары да соған келіп саяды. Олар көне заманда жасалған өнер жәдігерлерін тәжірибелері мен беделіне сүйене отырып адам бойындағы дене мен рух, сезім мен зиялылықтың үйлесімді бірлігін табуды мақсат етіп қойды. Сол арқылы көркем мәдениеттің дамуына әсер етуді көздеді. Ф. Энгельс Батыс Еуропа ренессансын «Адамзат өмір сүргелі бері жасаған ұлы прогрессивті төңкеріс», – деп бағалады.

Өнердегі жаңғыру дәуірінің ірі өкілдері мүсіншілер, суретшілер, сәулетшілер, ақындар мен драматургтер болды. Мысалы, ерте жаңғыру дәуірінде Ф. Петрарка, Дж. Боккаччо, Альбертилер енсе, жоғары жаңғыру дәуірінің өкілдері Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Ф. Рабле т.б. болды. Ал кейінгі жаңғыру дәуірінде У. Шекспир, М. Сервантес сияқты қаламгерлер өздерінің өлмес туындылары арқылы әлемге әйгілі болды.

Олар өздерінің шығармаларында еркін де үйлесімді идеалға айналған адам бейнесін жасап қана қойған жоқ, сонымен қатар мынау өмірдің күрделі де қайшылықты екенін, оның терең драматизмін барынша көркем жинақтап көрсете білді.


6475036290607316.html
6475066383280975.html
    PR.RU™